Қажыбай А.Т. Белгібай Шалабаевтың ғылыми- сын әдеби аударма енбектері: монография / Қажыбай А.Т. Қарағанды «АҚНҰР» баспасы», 2018-408 б.
Зерттеуші Аян Төлегенұлының бұл ғылыми еңбегі бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетін жете зерделеуге арнаған ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Белгібай Аисинұлы Шалабаевтың ғылыми сын, әдеби мұрасын қазіргі тәуелсіздік талаптары биігінен қарап, бағалауға арналған. Әдебиет сынын, фольклорын, қазақ, прозасының тууы мен қалыптасу тарихын (оның ішінде қазақ романы жанрындағы сюжет және характер, типология және поэтика, дәстүр және жаңашылдық мәселелері), абайтану, сұлтанмахмұттану, көркем аударма мәселелерін зерттеген ғалым еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ әдебиеті сынының тарихы, фольклортану, салыстырмалы әдебиеттану ғылымдарымен тығыз байланыста қарастырылған. Қазақ әдебиеттану ғылымына елеулі үлес қосқан білікті сыншы, талантты әдебиетші Б.Шалабаевтың ұлт әдебиетіне сіңірген енбектері тың көзқарас, парасатты пайым тұрғысынан ой сүзгіден өтіп, іргелі ізденісіне, ғылыми ой-тұжырымдарына, дәйекті-деректі пікірлеріне кең орын берілген.
Ұсынылып отырған монографияда әдебиетші ғалымның ғылыми-ғұмырнамалық биобиблиографиялық көрсеткіші де қоса берілген. Б.Шалабаевтың өмірі мен ғылыми-шығармашылығын арқау ете отырып, оның енбектері сараланады, зерттеулер мен естеліктерінің хронологиялық көрсеткіші және өмірі мен еңбектері туралы әдебиеттер тізімі енгізілген. Көрсеткіштегі материалдар хронологиялық ретпен әр жылға сәйкес жүйеленген. Өмірбаяндық библиография негізінен қазақ және орыс тілдеріндегі деректердің басын құрағандықтан да, екі бөлімге топтастырылып отыр.
Монографияны жоғары оқу орындары филология, журналистика факультеттерінде арнаулы курстарды оқыту барысында пайдалануға болады. Сондай-ақ кітап әдебиетіміздің жаңашырларына, ғылыми қызметкерлерге, кітапханашылар мен көпшілік оқырман қауымға арналған.