Асан Ж. «Едіге» эпосы – түркі халықтарына ортақ мұра: Монография. -Ақтөбе, 2020. – 360 б.
Алпыс нұсқалы «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы – бүгінгі таңда орыс, неміс, ағылшын тілдеріне аударылып, дүние жүзіне тегіс мағұлым болған түркі халқының ортақ асыл қазынасы. Ал оның басты қаһарманы Едіге – есімі ел есінде сақталып, ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі есебінде жырларға қосылып, түркі халықтарының қасиетті әулие адамына айналған тұлға. Монография осы әйгілі эпосты зерттеуге арналған. «Едіге» эпосы фольклортанудың, эпостанудың соңғы теориялық-әдістемелік тұжырымдары тұрғысынан зерделенді.
Эпостың қарақалпақша версиясының неміс, ағылшын тілдеріндегі аудармалары 2007 жылы белгілі неміс ғалымы Карл Райхлдің аудармасымен, ал ноғай версиясы 2012 жылы ағылшын тіліне Давид Ханттың аудармасымен Еуропа фольклортанушыларына кеңінен мәлім болды. Белгілі ғалым Д. Хант «Едіге» эпосын әлем мәдениетінің асыл қазыналарының бірі деп бағалады.
Монографияның көп бөлігі халықаралық конференцияларда талқыланып, баспасөз беттерінде, отандық және Түркия, Англия, Польша, Чехия, Болгария, Ресей, Өзбекстан, Қытай елдерінің ғылыми басылымдарында, интернет сайттарыңда жарияланып, ғылыми-көпшілік ортада жоғары бағаланды. Алтын Орданың 750 жылдығы тұсында еңбектің бас-аяғы жинақталып, күллі түркі қауымына дербес кітап ретінде ұсынылып отыр. >>Oқу>>