Статистика

Сисен А. Статистика: Оқу құралы. – Алматы: CyberSmith, 2021. – 150 б.

«Статистика» курсы өзінің ішкі мазмұны тұрғысынан бакалавр-экономистердің кәсіби дайындығын анықтайтын оқу пәндерінің құрамында маңызды орын алады. Заман талаптарына сай экономика мамандары статистикалық талдаудың әдістерін меңгеруге байланысты оның жағдайларын, факторларын, нарықтық әлеуметтік-экономикалық қатынастардың нәтижелерін сандық бағалауды қолдана білу керек.

Статистика әр түрлі әлеуметтік-экономикалық құбылыстар туралы мәліметтерді жинау, өңдеу, талдау және жариялаумен айналысатын тәжірибелік қызметтің бір саласы. Мемлекеттік статистика туралы Заңына сәйкес барлық заңды тұлғалар өздерінің өндірісі, коммерциялық және басқа да қызметі жөнінде статистика органдарына статистикалық ақпарат тапсырады. Күнделікті жаңалықтарда әлеуметтік-экономикалық құбылыстар туралы деректерді қарастырғанда «статистика» сөзі үлкен орын алады.

Статистикада қоғамдық құбылыстардың жағдайы, құрылымы, дамуы және құбылыстар арасындағы өзара байланысын зерттеу, олардың статистикалық үлгісін және болжамын жасау, статистикалық ақпаратты талдау қарастырылады. Статистика ғылымында жалпы экономикалық-статистикалық зерттеу бағыттарына теориялық негіздеме даярланады.