
2025 жылдың қараша айының 6-30 күндері аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Зерттеушілерге қолдау көрсету офисі «Зерттеушілерге арналған электрондық базалар: ғылыми ақпаратқа қолжетімділік» тақырыбында мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған семинар өткізді.
Семинар барысында қатысушыларға халықаралық ғылыми дерекқорлармен тиімді жұмыс істеу жолдары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, Scopus, Web of Science, ScienceDirect, Wiley Online Library секілді жетекші ақпараттық платформалардың мүмкіндіктері таныстырылды. Қатысушылар ғылыми мақалаларды іздеу, сүзгілеу, деректерді талдау, дәйексөз көрсеткіштерін анықтау және авторлық профильмен жұмыс істеу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгерді.
Сонымен қатар, семинар аясында заманауи зерттеу құралдарын пайдалану, ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру, академиялық адалдық қағидаларын сақтау және антиплагиат жүйелерімен жұмыс істеу мәселелері де қамтылды. Қатысушыларға тиімді ізденіс стратегияларын құру, кілт сөздерді дұрыс таңдау және ғылыми ақпаратты сараптау бойынша практикалық кеңестер берілді.
Мұндай іс-шаралар жас зерттеушілердің ақпараттық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын күшейтеді. Сонымен қатар, білім алушылар мен оқытушылардың халықаралық ғылыми кеңістікке еркін енуіне, сапалы ғылыми нәтижелерге қол жеткізуіне және жарияланым белсенділігін арттыруға зор ықпал етеді.
