Наурыз мейрамында «Жұбанов кітапханасы» сериясының 10 томдығы таныстырылды

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНДА «ЖҰБАНОВ КІТАПХАНАСЫ» СЕРИЯСЫНЫҢ 10 ТОМДЫҒЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін Өнер орталығы алдында Наурызға арналған кең көлемдегі  мерекелік бағдарламада Жаңа жылдың бас кейіпкері Қыдыр ата көпшілікке бата арнап, шығармашылық ұжымдар сахналаған  театрлық  көріністер қала тұрғындары мен қонақтарына қуанышты көңіл-күй сыйлады.

Наурыз тойы өтіп жатқан мерекенің бас алаңына Жұбанов университетінің ақ шаңқан киіз үйі де тігілді. Оған бас сұққан қонақтарды ерекше сый күтіп тұрды. Мұнда көпшілік назарына «Жұбанов кітапханасы» сериясы бойынша шыққан кітаптардың алғашқы он томдығы ұсынылды. Шаңырақ астындағы көрмені облыс əкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мəслихат хатшысы Сания Қалдығұлова, қала əкімі Ілияс Испанов, академик Амангелді Айталы жəне басқа да қоғам қайраткерлері келіп, тамашалап, тұсаукесер рəсіміне қатысты. Көрмедегі жаңа кітаптармен таныстыру барысында университет ректоры Бауыржан Ердембеков бұл шараның Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған істер нəтижесі екенін, кітап авторлары қазақтың тұңғыш лингвист-ғалымы Құдайберген Жұбановтың тұжырымдарына сүйене отырып, латын əліпбиіне өту əдістемесіне, үштұғырлы тіл біліміне байланысты инновациялық ойларын баян еткендері жайында, шығармалардың ішінде өңірдің тарихы мен этнографиясына байланысты құнды деректі кітаптар бар екенін айтып өтті. «Жұбанов кітапханасы» сериясымен барлығы 100 том кітап шығарылатын болады.



Құрметті оқырман!
Біздің Instagram, Facebook парақшаларына тіркеліп, кітапханамыздың жаңалықтары мен хабарламаларын бірінші болып танысу мүмкіндігін қалт жібермеңіз.