Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы Тәуелсіз Қазақстан тарихында жүзеге асқан жарқын жобалардың бірі

2021 жылдың 15 қазанында университеттің ғылыми кітапханасының «Тұңғыш Президент атындағы электрондық залында» Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы мен ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында философия, саясаттану, әлеуметтану және мәдениеттану пәндері бойынша аударылған кітаптардың мазмұнын түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға педагогика факультетінің 1 курс студенттері қатысты.

Дөңгелек үстелге Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының оқытушылары, Ақтөбе облысы Ішкі саясат басқарасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері, студенттер, кітапхана қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстел барысында кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы, философия магистрі Ешниязова Айнұр Чапайқызы, философия магистрі Жарасбаев Ерболат Есетұлы, философия магистрі Тәуірбай Ақниет Әмірханұлы, педагогика және психология ғылымдарының PhD докторы Иманчиев Жандарбек Ермекұлы  баяндама жасады. Баяндамашылар бұл жобаның ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы – Н.Ә.Назарбаевтың ұлт болашағы үшін жасаған ең үлкен инвестиция екендігіне тоқталды. Студенттерге оқу процесін ұйымдастыру барысында әлемнің үздік университеттерінде оқытылатын кітаптарды белсенді пайдалануға кеңес берді.

Сондай ақ шара барысында Ғылыми кітапхана директоры Мазылбекова Илия Оразғалиқызы университеттің кітапхана қорының жаңа ктіптармен толығып отырғандығын, соның ішінде осы жоба аясында жарық көріп отырған кітаптардың электронды қол жетімділігін де түсіндірді. Баяндамашылар дөңгелек үстелдің соңында студенттердің оқулықтар мазмұнына қатысты қойған сауалдарына жауап берді. Кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.



Құрметті оқырман!
Біздің Instagram, Facebook парақшаларына тіркеліп, кітапханамыздың жаңалықтары мен хабарламаларын бірінші болып танысу мүмкіндігін қалт жібермеңіз.