Қуандық Е.С.
ХІV және ХХ-шы ғасырлар аралығындағы ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ТАРИХЫ бойынша лекциялар: Оқу құралы
Кеңес дәуірінде жазылған Қазақстан тарихы ғылымының негізін құраған көптеген тұжырымдар мен болжамдардың уақыт сынынан өте алмай қалғандығы ақиқат. Қазіргі тәуелсіздікке жеткен тұста қазақ тарихын біртұтас дүниежүзілік тарих ғылымының ажырамас бөлігі ретінде қарастыру кезек күттірмейтін міндетке айналды. Өйткені мұндай қадам жас ұрпақты жадағай идеологиялық ұрандардан, жалған түсініктерден арылтып, оларды өз халқының ұлттық мүддесі туралы ойлауға жетелейді.
Ұлттық сананың іргетасын әрқашан тарих ғылымы қалайды. Бертінге дейін ол әртүрлі саясат пен идеологияның тапсырмаларын орындаумен шектеліп, құрсаудан шыға алмай келді. Өткен тарих кеңестік кезеңнің ыңғайына жығылып сыңаржақты марапаттау әдісімен ғана жазылды. Автор осы еңбекті жазу барысында аталған кемшіліктерден мүмкіндігінше арылуға, бұрын оқулықтарда жазылмай келген көптеген мәселелерді уақыт талабына сай шама-шарқынша көтеруге тырысты. Әрине, көтерілген мәселелер толық зерттеліп бітті, жазылған пікірлердің барлығы ақиқат деуден аулақпыз. Өйткені тарихи оқиғаларды толық етіп зерттейтін кейбір фактылар, құжаттар мен мұрағат деректерін әлі де еркін, қалағанынша пайдалануға болмайтын жағдайдан шыға алмай келеміз… Оқу құралына енбей қалған материалдар, толықтыруды қажет ететін тақырыптар, дәлелдей және нақтылай түсуді керек ететін тұстары әлі де бар…
