Рубрика: Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық

  • Әлеуметтік жұмыс: контексі мен практикасы

    Әлеуметтік жұмыс: контексі мен практикасы

    Әлеуметтік жұмыс: контексі мен практикасы. Төртінші басылым

    Авторлары: Коннолли Мэри, Хармс Луиза, Мэйдмент Джейн
    ISBN: 978-601-7621-15-5
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 384


    Әлеуметтік жұмыстың контексі мен теорияларын жан-жақты талдап, таразылайтын оқулық «Әлеуметтік жұмыс: контексімен практикасы» (Social Work: Contexts and Practice) деп аталады. Бұл еңбек Австралия мен Жаңа Зеландиядағы әлеуметтік жұмыстың практика теориялары, әлеуметтік қызметкер мен клиент арасындағы байланыс түрлері, әлеуметтік жұмыс практикасында кездесетін заңдар және олардың қолданылу ерекшелігі, әлеуметтік жұмысқа бағытталған саясат, әлеуметтік қызмет көрсетуде басшылыққа алынатын философиялық-рухани қағидалар туралы баяндайды. Байырғы халықтардың мәдениеті мен өмір сапасының басты қағидаларын басшылыққа алатын әлеуметтік жұмыс практикасы құндылыққа ие екенін көрсетеді. Әлеуметтік жұмыстың мәдени аспектілері, билікпен байланыс, отаршылдық тарихы, Австралия мен Аотеароа — Жаңа Зеландияның байырғы халқына қатысты жүргізілетін әлеуметтік жұмыс туралы талдау — бұл кітаптың артықшылығы деуге болады. Осы және алдыңғы басылымда кітап авторлары Мэри Коннолли, Луиза Хармс пен Джейн Мэйдмент көтерген Транс-Тасмания болашағы туралы мәселелер оқырман үшін ерекше қызық болатынына сенімдіміз.

    Кітап әлеуметтік қызметкерлерге, осы сала студенттері мен магистранттарына, сондай-ақ әлеуметтік жұмысқа қатысы бар барлық сала мамандарына арналады.

     

     

  • Стратегиялық бренд-менеджмент

    Стратегиялық бренд-менеджмент

    Стратегиялық бренд-менеджмент

    Авторлары: Розенбаум-Эллиотт Ричард, Перван Саймон, Перси Ларри
    ISBN: 978-601-7621-10-0
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 368


    Танымал бренд — компанияның ең құнды активтерінің бірі, оны қалыптастыру көп уақыт пен күш-жігерді талап етеді. «Стратегиялық бренд-менеджмент» кітабы бренд туралы негізгі түсініктермен қатар бренд капиталының мәні мен мазмұнын, оның функциялық, эмоциялық қырларын таныстырады және бренд капиталын қалыптастырудың ұтымды әдіс-тәсілдерін ұсынады. Авторлар компанияның ұзақмерзімді табыстылығын арттыру жолындағы брендті басқару стратегиясының тиімді тұжырымдамалары мен қағидаларын ортаға салады. Танымал компаниялардың тәжірибесінен алынған мысалдарды нақты кейстерге сүйене отырып түсіндіреді.

    Қазақ тіліне 4-басылымы аударылып отырған оқулық экономика мамандықтарында білім алушы студенттерге, ірі, орта және шағын бизнес менеджерлері мен маркетологтарына, ұйым басшыларына, сондай-ақ осы салаға қызығатын көпшілік қауымға арналған.

  • Классикалық араб философиясы: антология

    Классикалық араб философиясы: антология

    Классикалық араб философиясы: антология

    Авторлары: Мак Гиннис Джон мен Райсман Дэвид С.
    ISBN: 978-601-7621-16-2
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 476

     


    Бұл кітап ортағасырлық шығыс философиясының әлем, болмыс, құдай, ақыл, жауһар (субстанция), араз (акциденция) сияқты және басқа да тақырыптар төңірегінде өрбиді. Жинаққа әл-Фараби, әл-Кинди, Ибн Сина, әр-Рази, әл-Ғазали т.б. ғұламалардың еңбектері іріктеліп алынған. Қолыңыздағы басылым аясында бұл еңбектер қазақ тіліне тұңғыш рет аударылды. Оқулық философия, дінтану мамандығын таңдаған студенттер, оқытушылар мен зерттеушілерге және философияға қызығушылығы бар барша оқырман қауымға арналған.

  • Мемлекеттік саясат

    Мемлекеттік саясат

    Мемлекеттік саясат. Сегізінші басылым

    Автор: Андерсон Джеймс Э.
    ISBN: 978-601-7621-13-1
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 448

     


    Мемлекеттік саясаттың негіздеріне арналған бұл еңбек саясат қалыптастыру және заң дайындау процесіне ден қояды. Кітапта мәселені анықтауға, күн тәртібін белгілеу мен мемлекеттік саясатты қалыптастыруға түрлі факторлардың қалай әсер ететіні сараланады. Әр тарауда негізгі ұғымдар мен идеялар қарастырылып, олардың қалай қолданылатыны нақты мысалдар негізінде талданған. АҚШ-тың мемлекеттік саясатындағы процестерге басымдық берген бұл басылымда экономикалық дағдарыс жағдайында шешім қабылдау мәселесі, сондай-ақ, мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы Обама әкімшілігі мен Буш әкімшілігінің ерекшеліктері салыстырылады. Оқулық саясаттану мамандығын таңдаған студенттерге және мемлекеттік саясат туралы тереңірек білгісі келетін көпшілік оқырманға арналған.

  • Нәтижелі келіссөз: алғышарттар мен амалдар

    Нәтижелі келіссөз: алғышарттар мен амалдар

    Нәтижелі келіссөз: алғышарттар мен амалдар. Үшінші басылым

    Автор: Феллс Рэй
    ISBN: 978-601-7621-09-4
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 360


    Келіссөз теориясы мен тәжірибесіне тың көзқарас ұсынатын бұл кітап келіссөздің негізгі элементтері — өзара түсіністік, сенім, үстемдік ету және этиканы жан-жақты талдайды. Сонымен қатар келіссөздегі ақпарат алмасу, шешім іздеу және шегінудің әдіс-тәсілдерін сипаттайды. Медиация процесі, мүдделі топтың атынан келіссөз жүргізу, мәдениетаралық келіссөздер, жұмыс орны мен бизнестегі келіссөздер де кеңінен қамтылған. Сондай-ақ келіссөзшілердің жеке дағдыларын жетілдіруі мен келіссөзді тиімді басқару тетіктеріне баса назар аударылды. Бұл кітап — бизнес, құқық, адам ресурстары менеджменті, еңбек қатынастары салаларының студенттері мен кәсіби мамандарына арналған маңызды оқу құралы.

  • Жапон философиясының қысқаша тарихы

    Жапон философиясының қысқаша тарихы

    Жапон философиясының қысқаша тарихы

    Автор: Касулис Томас П.
    ISBN: 978-601-7621-19-3
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 804

     


    Америкалық танымал ғалым Томас П. Касулистің бұл еңбегінде жапон философиясының ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тарихы хронологиялық ретпен баяндалған. Автор жапон философтарын, олардың еңбектері мен теорияларын әр дәуірдің өзіндік ерекшеліктеріне және түсініктері мен ұғымдарына сипаттама бере отырып таныстырады. Кітапта жапон философиясына халықаралық қарым-қатынастың, тарихи оқиғалардың, елдегі ертеден-ақ негізі қаланған мектептер мен академиялардың, дін мен саясаттың тигізген ықпалы ғылыми тұрғыдан зерделеніп, дәйекті тұжырымдар жасалды. Сондай-ақ автор Күншығыс елі философиясы мен Батыс әлемі философиясының өзара сабақтастығы жайындағы пікірталастарды талдап, саралайды.

    Оқулық жоғары оқу орны студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға, оқытушыларға және философия тарихына қызығушы көпшілік қауымға арналған.

     

  • Көшбасшылық: теория және практика

    Көшбасшылық: теория және практика

    Көшбасшылық: теория және практика. Сегізінші басылым

    Автор: Нортхаус Питер
    ISBN: 978-601-7621-21-6
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 560


    Он үш тілге аударылып, тоқсанға тарта елге таралған «Көшбасшылық: теория және практика» оқулығы көшбасшылық теорияларын кәсіби және ғылыми тұрғыдан терең талдап, оларды нақты ситуацияларда қалай қолдануға болатынын зерделейді. Автор әр тарауда ұтымды құрылымдау арқылы оқырманның түрлі теорияларды оңай салыстырып, меңгеруіне жол ашады. Тың кейс-стадилер мен сауалнамалар көшбасшылық әдістері жайында түсінік қалыптастырып, жеке басшылық стилін анықтауға көмектеседі. Бұл кітап әлеуметтік ғылымдар мен бизнес, басқару бағытында білім алып жатқан студенттерге ғана емес, жалпы оқырманға пайдалы іскерлік әдебиет санатында.

  • Рефлективті оқыту негіздері

    Рефлективті оқыту негіздері

    Рефлективті оқыту негіздері. Бесінші басылым

    Автор: Поллард Эндрю
    ISBN: 978-601-7621-11-7
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 728

     


    Бұл кітапта мұғалімдердің кәсіби білігін көтеру, соның ішінде мектепте практикалық даярлықтан өту және үздіксіз кәсіби даму әдістері баяндалады. Мұғалімнің сабақ беруі, оқушылармен қарым-қатынасы және олардың іс-әрекеті мен мінез-құлқын зерттеуі, сондай-ақ оқу барысын бағалау процестері жөніндегі жан-жақты нұсқаулық. Рефлективті оқыту әдістері бастауыш мектеп пен негізгі мектепке мұғалімдер даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Бұл басылымдағы қосымша материал ретінде берілген нұсқаулықтар мен веб-сайттарда тәжірибелі мұғалімдердің көп жылғы тәжірибесі ескерілген. Оқулық педагогика, психология мамандықтары бойынша білім алып жүрген студенттерге, магистранттарға және осы бағыттағы зерттеушілер мен сала мамандарына арналған.

     

  • Батыс философиясының тарихы

    Батыс философиясының тарихы

    Батыс философиясының тарихы

    Автор: Рассел Бертран
    ISBN: 978-601-7621-18-6
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 896

     


    Бертран Рассел — XX ғасырдағы аса көрнекті ойшылдардың бірі, философ, математик, тарихшы және Нобель сыйлығын иеленген жазушы. Оның Еуропа ой-дүниесінің ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі дамуын зерделеген «Батыс философиясының тарихы» атты кітабы — әлемнің көптеген тілдеріне аударылған танымал еңбек. Үш кітаптан тұратын зерттеу антика дәуіріндегі рационалды ойдың қалыптасуынан бастап, Сократ, Платон, Аристотельден, Аугустин, Руссо, Кант, Шопенгауэр, Ницше, Маркс, Дьюиге дейінгі философтардың доктриналарына терең талдаулар жасайды. Автор бұл еңбегінде әр ойшылды өскен ортасымен сабақтастыра қарастырып, философияға тән ұғымдар, ілімдер, көзқарастармен қатар, рухани ізденістерге ықпал еткен тарихи үдерістерді де тартымды баяндайды.

    Еркін пікірталас дискурсы тұрғысынан жазылған кітап гуманитарлық білім саласын зерттеуші мамандарға, философтар мен мәдениеттанушыларға, сондай-ақ көпшілік оқырман қауымға арналған.

  • Әлеуметтік зерттеу әдістері

    Әлеуметтік зерттеу әдістері

    Әлеуметтік зерттеу әдістері. Алтыншы басылым

    Авторлары: Синглтон Ройс А., Стрэйтс Брюс С.
    ISBN: 978-601-7621-31-5
    Тілі: қазақ
    Баспасы: Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ
    Жылы: 2020
    Бет саны: 816

     


    Ройс Синглтон мен Брюс Стрэйтстің «Әлеуметтік зерттеу әдістері» кітабы — әлеуметтік зерттеудің ғылыми және логикалық негіздерін жан-жақты сипаттайтын оқу құралы. Негізгі тәсілдер мен ғылыми зерттеулердің логикасы арасындағы тепе-теңдікті ескере отырып, бұл кітап зерттеудің төрт тәсілі — эксперимент, сауалнама зерттеуі, далалық зерттеулер және қолда бар деректерді пайдаланудың сипаттамасын ұсынады. Эмпирикалық зерттеу мысалдарын ұсына отырып, зерттеу процесін егжей-тегжейлі баяндау студенттерге зерттеу барысын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, ғалымдар мен оқытушыларға, статистика саласында білімін арттырғысы келетін барша оқырман қауымға арналған.